31 Қаңтар, 2015

Ер  Ерденбек

730 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
женис-70Ерденбектің ерлік жолдары Отан соғысы моторлар соғысы болғаны белгілі. Бұл соғыста танк, артиллерия, авиа­ция бүтіндей толық қолданылғаны мәлім. Сонымен қатар, атты әскерлер де соғысқа қатысып, жеңіске үлес қосты. Оған дәлел атақ­ты И.А.Плиев, О.И.Городовиков, А.М.До­ватор сияқты генералдар басқарған атты құ­рамдар, дивизиялар, корпустар болғаны. Солардың бірі эскадрон командирі, гвардия капитаны Ерденбек Ниетқалиев еді. 003-11Ерденбек эскадроны басқа әскерлермен бірге 1941 жылдың қазан айынан алдымен Тула қорғаныс шебіндегі Угодский завод деген село маңында соғысты. Одан соң Мәскеуді жаудан қорғауға қатысты. Кейін Кашираны қорғап, Тула бағытындағы шайқастарда Венев және Сталиногорск, Калуга операциясында Козельск пен Мосальск қалаларын жаудан босатуға үлес қосты. 1942 жылдың қысынан сол жылдың жазына дейін Ниетқалиев қатысқан корпус Ржев-Вязьма бағытындағы, әсіресе, Дорогобужа ауданындағы ұрыстарға араласып, ерлікпен көзге түсті. Сол шайқаста жарақат алған Ерденбек 1942 жылдың 3 қазанында полкке қайта оралып, Подосиновка-Аристово маңындағы жау бекіністерін бұзып, оның тылына кіріп, Ржев-Сычев теміржол байланысын үзіп, қозғалысын тоқтатты. Одан соң оның эскадроны жау тылындағы Никишкино деревнясында 1942 жылдың 28 қарашасында үш күн бойы қырғын соғыста жау күшіне соққы берді. Бірақ, 30 қарашада өзі ауыр жарақат алады. Село тұрғындары оны көтеріп партизандарға апарады. Содан ол ұшақпен «Үлкен жерге» жеткізіліп, күрделі операция­дан соң аман қалады. Ерденбектің полкі 1943 жылдың қысында Орталық майдан операциясына қайта араласып, үш рет жау шебін бұзып, талай ерлік көрсетті. 1943 жылдың қарашасында Гомель-Речинка және Калинковичко-Мозырь операциясына қатысты. 1944 жылдың 14 қаңтарында Ерденбек аттылары Мозырь қаласын босатты. Орлов және Брянск бағытындағы ұрыстарда гвардия аға лейтенанты Ерденбек Ниетқалиев эскадроны ерлікпен көзге түсті. 1944 жылдың 26-30 шілдесі аралығында Ниетқалиев эскадроны Радзынь, Лукув, Седлец бағытында жауға қатты соққы беріп, Седлец қаласының шетіне жетті. Сол күні кешке қарай 12-ші атты полк Седлец қаласын жаудан босатты. Осы ұрыс нәтижесінде Ерденбекке гвардия капитаны атағы берілді. Сөйтіп, оның эскадроны жауды Ресей, Белоруссия жерлерінен қуып шығып, Батыстағы Буг өзенін бірінші болып атпен кесіп етті. Одан әрі КСРО-Польша шекарасынан өтіп, фашистерді поляктар жерінде талқандауға кірісті. Сөйтіп, Польша-Германияның бұрынғы шекарасына жетіп, Померания үшін ұрысқа қатысты. Бұл 1945 жылдың 20 қаңтары болатын. Жалпы айтқанда, Ұлы Отан соғысында атты әскерлер ерекше рөл атқарды. Олар танк, артиллерия, жаяу әскерлермен бірі­гіп жаумен айқасты. Сондай-ақ, жоғары басшылық тапсырмасымен жау бекінісін бұзып, оның тылына талай рет өтіп, сойқан әрекеттер жасады. Мәселен, 1942 жылдың 28 қарашасында әлгі айтқан Смоленск облысы Сычевский ауданындағы соғыста жау шебін бұзып, оның тылына өткен Ерденбек эскадронын жау қоршап алып жоймақ болған әрекетіне күшті қарсылық көрсетіп, үш күнге созылған ауыр ұрыста Ниетқалиевтің аттылары немістің 80 солдаты мен офицерінің көзін жойып, жаудың бронды пойызын істен шығарды. 1943 жылдың жазында Орлов және Брянск операцияларында жау тылына өткен Ерденбек басқарған аттылар немістің үлкен бір жүк керуенін талқандады. Бұл мәліметтердің бәрі ресми әскери ақпараттардан алынған. Аттылардың бір ерекшелігі, олар ұрыста еш нәрсені паналай алмайды, бәрі ашық, іс-қимылдары тек шапшаңдық пен ерлікке негізделген. Сонымен, Польша-Германия шекарасына жеткен Ерденбектің 12-атты әскер полкіне 1945 жылдың 29 қаңтарында Кюдо өзенінің батысында жаудан жеңіп алған кең алқапты қолда бекем ұстап, жаудың екі бөлінген күшінің қайта бірігуіне мүмкіндік бермеу тапсырылады. Осы қырғын ұрыста Рацебур қаласының түстігінде бекінген Ерденбек Ниетқалиев эскадроны жаудың 15-ші дивизиясына жататын «Остланд» СС жаяу әскер бөлімшесі мен 23-ші механикаландырылған «Недерланд» СС дивизиясының сан рет жасаған қарсы шабуылдарына ерлікпен қарсылық көрсетіп, жаудың бұларды қырмақ болған әрекетін жүзеге асырмай тастайды. Сол ұрыста ауыр жарақат алған Ерденбек, сорғалап аққан қанына қарамастан, станокты пулемет гашетіне жабысып, жауды қырып, шабуылға бұйрық беріп жатқанда, екінші рет ауыр жарақат алып, көз жұмады. Бұл 1945 жылдың 2 ақпаны еді. Артынша кеңес әскерлері жеткенде, 150-дей жауынгері бар Ерденбек эскадронынан тек оншақты жауынгер қалыпты. Осы ұрыста 400-дей неміс солдаты мен офицері жан тапсырады. Сондай-ақ, жаудың 3 ауыр зеңбірегі, 6 станокты пулеметі және 80 неміс солдаты мен офицері қолға түседі. Сол қырғын ұрыста көрсеткен ерен ерлігі үшін Ерденбек Ниетқалиевке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы өзі өлгеннен кейін берілді. Ердің көз жұмған жері Германияның Померания провинциясындағы Рацебур қаласы (қазіргі Оконек қаласы, Польша Республикасы). Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан Рәпілбек Ұлтанбаев «Ерлер есімі ел есінде» деп аталған Алматыда «Қазақстан» баспасынан 1973 жылы жарық көрген естелік кітабының 107-бетінде Ерденбектің ерлігіне мынадай сипаттама береді: «Ерденбек Ниетқалиев 1914 жылы туған, коммунист, көптеген жортуылдарға қатысып ысылған, қанды және ауыр шайқастарда көзге түскен, ерлігімен аты жайылған, омырауы ордендер мен медальдарға толы ержүрек офицер еді. Жауынгер гвардияшылар оны адамгершілігі, бауырмалдығы үшін жақсы көретін». Міне, бұл «қанды көйлек» гвардияшының жүрекжарды пікірі болатын. Ерденбектің тірі кезіндегі наградалары: Жауынгерлік Қызыл Ту ордені (30.03.1943), «Қызыл Жұлдыз» ордені (5.11.1943), «Қызыл Жұлдыз» ордені (6.08.1944), «Ерлігі үшін» медалі (5.09.1942), т.б. Ата-анасына жазған хаттарынан Азаматтығы мен патриотизмі оның ата-анасына жазған хаттарынан айқын көрінеді. Ерденбек сондай ержүрек батыр болса да, жүрегі жан-дүниесі нәзік, бауырмал болған. Мерзімі көрінбей қалған, шамасы 1942 жылы жазған бір хатында Ерденбек сөзін былай бастайды: «Дрался с немцами под Москвой, под Вязьмой и еще во многих других направлениях и только три раза уходил в госпиталь по случаю ранения. В тылу не был, ибо там нет нам места, наше дело на передовой», дей келіп, одан әрі былай жазады: «Дорогие мои! Уже два года ношусь на конях. За это время возмужал, окреп. Я теперь не тот кто был в 1932-36 годах (өзінің студенттік кезін айтқаны – Д.К.). За время войны пришлось видеть многое и страшное, испытать все тяготы военной жизни, сменяющейся хорошим делом». Тағы бір үйге жазған хатында Ерденбек былай дейді: «Успанчик пацан тоже в армии, кажется в Туркмении, а от Анвара так и с начала войны ни звука. Видимо, парень погиб, ведь он был на самой латвийской границе». Әнуардың ол кезде тұтқында екенін Ерденбек қайдан білсін. 1944 жылдың 4 маусымында жазған хатында Ерденбек: «Услышав, что Талгат (оның бірінші інісі – Д.К.) жив, но ранен, я очень и очень радуюсь. Ведь думал, что он погиб. Вот почему Успан не пишет письмо, это меня удивляет, где он есть?» дей келіп, өзі туралы былай дейді: «Пока набираю сил для будущих решающих дней. Хочется видеть Вас». Ерденбектің үйіне, інілеріне қамқорлығы ұдайы байқалады. Тағы бір хатында жаралы болып елге келген Талғат жөнінде: «Талғат! Менің киімдерімді кие бер, тірі болсақ, киім табылады ғой», деп жазады. Одан әрі: «Біз Әнуардан үміт үзген шығармыз. Оның соңғы адресін жоғалтпаңдар, керек болар», дейді. Ең кіші інісі Оспанды еске алғаны тіпті көңіл босатады. Анасын ойлап, «кешке жатып газет оқитын едім ғой, оқып жатып ұйықтап кетсем, шам жанып тұратын, мамам келіп сөндіріп, арқамды жабушы еді», деп жазады, үйдегі өткен күндерді жылы есіне алып. Тағы бір жазған хатында мамасына «ер-тұрмандарымды сақтап қой, елге келгенде іздеп жатамыз ба, дайын тұрсын» деп өтініш айтады. Бұл да өмірге үлкен құштарлық, сенім белгісі болатын. Ең соңғы, 1945 жылдың басында жазған хатында: «Неге бекер шаршайсыңдар, тек бір Тәңірімнің жазғанын көрерсіңдер, артық көп ойлағандықтан ауру пайда болады ғой, денсаулықтарыңды тілеймін. Тірі қалсақ келерміз, болмаса не амал бар. Өздерің де естіп жатырсыздар ғой, соғыс енді көп ұзамай бітетін түрі бар. Көңіліміз шатты болуын тілеуші балаңыз Ерденбек», деп хатын аяқтайды. Міне, бұл төрт жылға созылған қырғын соғыста атқа мініп, ұдайы ашық майданда жүрген, оған дейін үш жыл әскери борышын атқарған нағыз ерен ердің бірі, не бірегейі екендігін көрсетеді. Және де бұл Ерденбектің ең ақырғы тоқтау айтқан соңғы сөздері еді. Уайымдаған інілері жайлы бірер сөз Ерденбектің үйге жазған хаттарында ерекше алаңдайтыны інілері Әнуар мен Оспан болатын. Оспан соғыста хабарсыз кетті. Әнуар шекараға жақын жерде болатын, үлкен қоршауда қалып, барлық құрамдарымен жау қолына түседі. Тұтқында мұсылмандарды бөліп, қатарға тұрғызып, олармен Мұстафа Шоқай таныспақ болады. Кезек Әнуарға келгенде, оған: «Кімсің?» деп сұрайды. Сонда тұтқын: «Есімім Әнуар, әкем аты Ниетқали, фамилиям Менешев», деп жауап қайтарады. Бұған Мұстафа: «Меңдешев» дедің бе?» депті. «Жоқ, Менешев! Сейітқали Меңдешевті білемін, ол біздің елдікі» деген көрінеді Әнуар. «Білімің қандай?» деген сұрауға: «Статс-техникум бітіргенмін», дейді. Содан Мұстафа оны қатардан шығарып, «командир боласың» деген сияқты. атты аскер-4Күндердің күнінде жұмыс істеп жатқан қазақтарға қарап, бір неміс офицері: «Лас, шошқа!» деген көрінеді. Кенет айтылған бұл сөзге шамданған Әнуар немісше: «Өзің лас шошқасың», деп өңменінен түйіп жіберсе, аңдамай тұрған неміс шалқасынан құлайды. Содан Әнуарды қайтадан тұтқындап, «Өлім лагеріне» жабады. Ара түсетін Мұстафа жоқ. Бірақ, өлім жазасын өзгертіп, 10 жылға кеседі. Сірә, Әнуар жасынан неміс тілін жақсы білгендіктен, түсіндіріп айтса керек. Көп ұзамай Бавария түрмесінде жатқан Әнуарды Кеңес армиясы келіп жетіп, түрмедегілермен бірге босатып алады. Әнуардың ісімен танысқан «Ерекше бөлім» офицерлері оның ісін ақтап, армия қатарына қосады. Содан демобилизациямен елге оралған Әнуар Қызылордада тұратын ата-анасының үйіне келіп, облыстық атқару комитетіне мамандығы бойынша қызметке тұрады. Бұл 1946 жыл болатын. Бірақ, көп ұзамай, Әнуардың «ісімен» КГБ айналысып, қайта-қайта шақырып, ұзақ танысады, тексереді. Ақырында Әнуарға жеңіл жаза беріледі. Бұл 1947 жылдың желтоқсан айының аяғы болатын. Содан Әнуар 6 жылға Жетіғара өндірісіне (Қостанай облысы) ерікті тұруға жер аударылады. Жетіғарада жұмыс істеп жүріп 1950 жылы Майымжан Жұматова атты қызбен бас қосып, отау тігеді. Сол жерде Шолпан, Айман атты екі қыз дүниеге келеді. 1954 жылдың қаңтарында жер аудару мерзімі аяқталып, Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына көшіп келеді. Ол кезде Әнуардың әке-шешесі Жамбылда тұратын. Мамандығы бойынша бухгалтерлік қызмет атқарады. Бұл жерде тағы Айжан атты қыз, Есет, Бекет есімді екі ұл дүниеге келеді. Кейін Әнуардың ата-анасы, өзі де дүние салады. Зайыбы Майымжан, үш қызы, екі ұлы аман, Тараз, Шымкент қалаларында үйлі-жайлы тұрып жатыр. Талғат та дүние салған. Балалары аман. Міне, бұл Ерденбек ұдайы сұрастырған, уайымдаған інілері жайлы мағлұмат. Менеш әулеті туралы айтқанда... Ерденбектің жазған хаттарынан, оның қазақ мектебінде емес, орыс мектебінде оқығаны байқалады. Жазғандары көбіне орыс тілінде және өте асығыс, офицер планшетінен алынған парақ беттері. Бұл оның асықпай отырып хат жазуға уақыты болмағанын дәлелдейді. Ерденбектің атасы Менеш қарапайым шаруа адамы екен. Оның үш ұлы, екі қызы болған. Ұлдары Ниетқали, Әмірғали, Өтеш. Үлкені көкірегі ояу, сауатты, бірақ, арнайы оқымаған. Әмірғали мен Өтеш гимназияда оқыған. Әмірғали Саратовта ауылшаруашылық институтын бітірген. Кеңес жылдары басында Мәскеуде Қазақстан өкілдігінде басшылық қызмет атқарыпты. Ардагер Хамид Чурин естелігінде Әмірғали алғаш Қазақстан делегациясын В.И. Ленинмен кездестіргенін айтады. Сол кездесуде В.И. Ленин: «Қазақстан – бай өлке. Мүмкіндіктері мол. Біз оны көтеруіміз керек. Сөзсіз көтереміз», деген екен. Кейінгі жылдары Әмірғали Менешев Алматыға шақырылып, Жер халық комиссариатында су шаруашылығын басқарған. Халком орынбасары ретінде. 1937 жылдың аяғында жазықсыз ұсталып, 1938 жылы 28 халком қатарында Алматыда атылып кетеді. Әйелі Әлима «Қарлагқа» 10 жылға айдалып, Әмірғали мен Әлиманың Қадырбек, Ибрагим, Мұрат есімді балалары қаңғырып, панасыз, үй-мүлкі шашылып, далада қалады. Өйткені, Алматыда жақын туыс­тары болмайды. Балалары кейін армияға шақырылып, Отан соғысына қатысады. Әлима «Карлагта» Сейітқали Меңдешев, Бейімбет Майлин әйелдерімен бірге болған. Лагерьден келгеннен соң, біршама уақыт Алматыда бізбен тұрды. Кейін Хамид Чуриннің жәрдемімен Коммунистік проспектіде салынған жаңа үйден бір бөлмелі пәтер алды. Қазір ол кейуана да, балалары да дүние салған. Менештің үшінші ұлы Өтеш Оралдың Жымпитысында комсомол жұмысын атқарып жүргенде Алматыға шақырылып, Байланыс халкоматында басшылық жұмысқа кірісе бастағанда кенет ауырып, 1930 жылы дүние салады. Батыстағы отбасын да алдырып үлгермейді. Одан 1927 жылы туған бір қыз қалған. Еркін Өтешқызы менің зайыбым болды. 1947 жылы үйленіп, 66 жыл өмір сүрдік, балалы, немерелі болдық. Зайыбым өткен жылы қайтыс болды. Сонымен, тарих бәрі айқын сызылып қойған тура жол емес. Ол – түрлі йірім, қайталаулардан тұратын, бірақ, түп негізі үлкен заңдылыққа бағынып, ілгері дамитын күрделі құбылыс. Өмірде бәрі болады. Дегенмен, бәрін орын-орнына қоятын, анықтайтын өмір. Егер оның бір шетін бүгіп қалсаң, тарих бұзылады. Сондықтан, Ерденбектің ерлігіне байланысты айтпағымызды толығырақ беруге тырыстық. Өйткені, құр тақырға шөп те шықпайды. Осының бәрі тәрбие, үлгі. Досмұхамед КІШІБЕКОВ, академик. АЛМАТЫ.